|
Әлібекұлы Төле би (1663—1756) — қазақтың Тәуке, Болат,
Әбілмәмбет, Жолбарыс, Абылай хандары тұсында мемлекет
басқару ісіне араласқан аса ірі мемлекет және қоғам
қайраткері, ойшыл дана, Әз Тәуке хан құрған «Билер
кеңесінің» мүшесі, атақты шешен, Ұлы жүздің төбе биі, «Жеті
жарғы» деп аталатын заңдар кодексін шығарушылардың бірі.
Шыққан тегі Ұлы жүздің Дулат тайпасының Жаныс руынан.
Шежірешілер «тоғыз ұлды Құдайберді әулетінен Төлеге дейін
бай да, би де шықпаған. Олар „қарашоғыр“ атанған қара шаруа
болған» деген дерек береді.
Төле би кезінде оқыған, ірі сауатты, халқының ақындық
шешендік өнерінен тәлім алған адам. Жастайынан ел арасындағы
билікке араласып, әділдішімен, шешендігімен, тапқырлығымен
төңірегіне кеңінен танылады.
Тәуке ханның тұсында Төле би «Билер кеңесінің» мүшесі
ретінде мемлекеттік істердің оң шешілуіне айтарлықтай үлес
қосқан, жыл сайын өтетеін бүкіл халықтық жиынды
ұйымдастырушылардың бірі болған. Ол Орта жүздің төбе биі
Келдібекұлы Қазыбекпен, Кіші жүздің төбе биі Байбекұлы
Әйтекемен бірге Тәукенің Түркістан қаласын орталық етіп, үш
жүз ұлыстарын бір орталыққа бағындыруға, сөйтіп бірегей
Қазақ хандығын нығайтуға, жоңғар шапқыншылығына қарсы
бауырлас қырғыз, қарақалпақ, өзбек халықтарының одағын
құруға бағытталған шараларды жүзеге асыруға белсене
қатысады. Бұл Қазақ пен Жоңғар хандықтарының арасы
шиеленісіп тұрған кез болатын.
Тәуке хан өлгеннен кейін Қазақ хандығының іштей әлсіреуіне
байланысты Төле би Ұлы жүзді билеп, жоңғар басқыншылары
Жетісуды жаулап алуына байланысты біраз уақыт соларға
тәуелді болады. Бірақ оларға алым салық төлеп тұрғанымен,
саяси билікті өзінше атқарып, «ақ табан шұбырындыдан»
кейінгі қазақ қауымын біріктіріп, оларды жоңғар
феодалдарының езгісінен зат етуде аса зор ұйымдастыру
жұмыстарын жүргізеді. Ол жоңғар қонтайшысына алым салық
төлей отырып, Абылай ханмен, Барақ сұлтанмен, Шақшақ Жәнібек
батырмен, сондай ақ Қоқан хандығымен байланысын үзбейді. Бұл
ретте жоңғардың Жетісу жерін жаулаған қолбасшыларының бірі
Сары Манджаның Төле бидің үйінде өлуі де біраз жайды
аңғартқандай. Төле би Ресей мен Қазақ хандығы арасындағы
қарым қатынасты қалыптастыруға күш салды. 1749 жылы Орынбор
губернаторы И. И. Неплюевке өзінің жиені Айтбай бастаған
елшілік жіберіп, Ресейға қосылу ниетін білдіреді.
Төле би жоңғар билеушілерінің арасындағы тақ таласын өршіте
қолдап, ежелгі жаудың іштей әлсіреуіне ықпал жасайды. Абылай
хан мен Төле би таққа таласқан жоңғар нояндарын алма кезек
қолдай отырып, ақырында Жоңғар хандығының құлауын қамтамасыз
етеді. Бұл Төле бидің Абылай ханмен бірлесе жүргізген сырт
саясатының ірі нәтижесі еді.
Ел аузында Төле би туралы көптеген тарихи аңыздар сақталған.
Оның атымен байланысты айтылатын нақыл сөздер, мақал
мәтелдер, билік кесімдер де ел арасына кеңінен тараған. Төле
би есімі тек Ұлы жүзде ғана емес, Орта жүз бен Кіші жүзде де
аса құрметпен аталады. Бұл оның бүкіл қазақ халқының
тағдырына қатысты ірі оқиғалардың ортасында жүргенінің
айғағы. Бұған Төле бидің замандасы, тағдырласы Қаз дауысты
Қазыбек бидің «Төле би дүниеден өтті» деген суық хабарды
естігенде: «Төле өлді дегенше, дүниеден әділет өлді десейші.
Бүтін билікке Төле жеткен, бүтін хандыққа Есім жеткен, бұл
екеуіне кім жеткен?» деп, жер таянып, көзіне жас алуы да
куәлік етеді. Бұл үш арысқа тірек болған үш асылдың бірінің
екіншісіне берген бағасы. Бұдан асырып, жеріне жеткізіп,
айту мүмкін де емес. Өйткені олар қасында бірге жүріп, бір
бірінің қадір қасиетін жете таныған алыптар ғой!
|