|
Қазақстан
республикасының ұлттық рәміздері |
|
|
Тәуелсіздік егемендік нышаны
Арал жерi... Қай өлке де киеден кенде емес. Арал өңiрiнде
қаншама тарих куәсi және соларға қатысты, шашырап-шашылған
мың-сан аңыз-әфсана жатыр! Сол рухани мол қазынаны бүгiнгi
iзеттi де зерделi ұрпақ жүйелеп, саралау iсiн түбегейлi
қолға алған сыңайлы. Соның еңсегей бойлы, ерек шоқтықтысы —
Арал шаһары төрiнде, жаңа тарихтағы ұрпақтың төлтумасы —
“Тәуелсiздiк Монументi” бой көтердi.
Осы кешен биiгiнiң қабатында жақсылар әруағы, ел қасиетi,
Арал айбыны еңсе көтерiп, рух асқақтатып тұр.
Әйтеке би бабамыз бастаған он бiр данагөй, Сартай батыр
ұранына көтерiлгендей он бiр ел қорғаны, Нұртуған шайырдың
әуезiне iлескен iспеттi он бiр жыр дүлдiлi — есiмдерi тасқа
қашалып, ел көңiлiнiң төрiне, тарих парақтарының бетiне
алтын әрiптермен жазылып, мәңгiлiкке орнығыпты. Осы санаттың
бас-аяғы, әзiрге, отыз үш!.. Таспихтың бiр қайырым үзiгiндей...
Егер, осы ұғым-нышанды өзiнiң хикметтiк мәнi — 99 немесе
999-ға жеткiзудi ойға алсақ, осынау шежiре тұнған өлкедегi
мәлiмдi-мәлiмсiз есiл жақсылардың аттарын тiрiлтуге, тереңге
жерленген шындықтарын ашуға шақыру, бiр сөзбен, кешегi
зұлмат пен нәубетте тұмшаланған тарихымызды толымды түгендеу,
рухани қазынамызды iздеу талабы ұрпақтар алдына ұсынылып
тұрғанын аңғару қиын емес. Ал бұл орайда, Арал өңiрiнде
көбесi сөгiлмеген ғажап жәдiгерлер қордасы жатқаны сөзсiз.
«Тәуелсiздiк Монументi» толағай еңбек пен iзденiс тоғысынан бой көтергендей. Ұйымдастырушы азаматтардың да, ел
ақылмандарының да, көркемдiгiн тапқан сәулетшi-мүсiншiнiң де,
техникалық үйлесiмiн келтiрген инженерлiк ойдың да, қиыннан
қиыстырып жүзеге асырған хас шебердiң де қолтаңбалары
ескерткiштiң бiтiмi мен болмысынан анық көрiнiп тұр. Аудан
басшылығы бұл тұрғыда ойлы, толғамды шешiмге барған: ұлттық
рух мұраты мен ел мәртебесiн көтерудiң, сыртқа айбын,
жұртымызға берекелi бiрлiк үлгiсiн ұсынудың жақсы нұсқасын
тапқан. Үлкен еңбек. Толымды нәтиже.
Киелi ошағымыздың үш бұтындай, үш бекем тұғырға арқа сүйеп (бәлкiм,
сол қасиеттi үш тағанды өздерi сүйеп), сонау, төрткүл
дүниеге сабырмен көз салған үш алыптың алдында iзгi ойлар
көңiл баурайды. Қазақ атты қарашаңыраққа мол қазына жиған
құт-береке, бiрлiк, намыс тұлғалары. Осы тоғыстағы қазақтың
үш төбе биiнiң тоқтамдысы Әйтеке, әулие Жанқожа, дәулескер
Нұртуғанды айтпағанда, мың жаужүрек оғыланды бастап барып,
жоңғарларды “Қалмаққырған” оқиғасына ұшыратқан Сартай батыр
(1711-1785), әулие Жанқожа қолынан құдайдың кәрiне ұшырау
сыбағасын алған Бабажан-сарт ұрпағының Хорезмде 1876 жылы
қара ниетпен кек қайтаруының құрбаны болған күлiк Бекетай би
атамыз (1826-1876), бұл күндерi Арал қасiретiнiң терең
толғауы ретiнде мақамы тыңдаған жанның дiлiн тебiрентiп
жүрген Жаппарбердi жырау (1895-1936) есiмдерi астарында
қаншама терең сыр, сабақты тарих жатыр! Ел азаттығы, ұлыс
бекемдiгi, ұрпақ рухының биiктiгi жолында жарғақ құлағы
жастыққа тимей, қайғы жұтып өткен асылдар... Сонау,
Жаршағылдан — Сұлуқасқаға шейiн, Құландыдан — Бекбауылға шейiн тау, теңiз, дала бедерiнде көсiлген, бiр өлшемге —
даңғайыр, бiр көзқарасқа — отау үйдiң орнындай ғана өлкенiң
рухани қазына-қордасы мұрты бұзылмастан жатыр. Демек,
бүгiнiмiздiң жан-дәрумек қажеттiлiгi осы қасиетке тамыр
жалғамақ керек. Ұлттық сана, қазақ намысы, елдiк толымдылық, бiрлiк-береке мүддесi осы асылдарды зерделеумен толыса
түспек. Дiл, тiл, дiн, дәстүр салауаттылығы осылардан бастау
алады. Өлi әруақ риза болмай, тiрiнiң берекесi кiрмеген.
Арал өңiрiнiң жақсылары рухы тоғысқан ұлттық намыстың ошағы,
азаматтық ардың ұйытқысы, отансүйгiштiктiң тәрбие бастауы,
ұрпақтар жадының iлтипаты — киелi нысан боп сәтiмен өмiрге
келiптi.
|