ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ГЕРБІ –
Қазақстан Республикасының негізгі мемлекеттік
рәміздерінің бірі. ҚР Президентінің «Қазақстан
Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы»
Конституциялық Заң күші бар Жарлығымен (24.1.1996)
белгіленген. Рәміздік тұрғыдан ҚР мемлекеттік
Елтаңбасының негізі – шаңырақ. Ол – Елтаңбаның
жүрегі. Шаңырақ – мемлекетттің түп негізі –
отбасының негізі. Шаңырақ – Күн шеңбері. Айналған
күн шеңберінің қозғалыстағы суреті іспетті. Шаңырақ – киіз үйдің күмбезі, көшпелі түркілер үшін үйдің,
ошақтың, отбасының бейнесі. Тұлпар – дала дүлділі,
ер-азаматтың сәйгүлігі, желдей ескен жүйрік аты,
жеңіске деген жасымас жігердің, қажымас қайраттың,
мұқалмас қажырдың, тәуелсіздікке, бостандыққа
ұмтылған құлшыныстың бейнесі. Қанатты тұлпар – қазақ
поэзиясында кең тараған бейне. Ол ұшқыр арманның,
самғаған таңғажайып жасампаздық қиялдың, талмас
талаптың, асыл мұраттың, жақсылыққа құштарлықтың
кейпі. Қанатты Тұлпар Уақыт пен Кеңістікті
біріктіреді. Ол өлмес өмірдің бейнесі. Бір
шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүретін Қазақстан
халқының өсіп-өркендеуін, рухани байлығын, сан сырлы,
алуан қырлы бет-бейнесін паш етеді. Бес бұрышты
жұлдыз Елтаңбаның тәжі іспетті. Әрбір адамның жол
нұсқайтын жарық жұлдызы бар. Қазақстан Республикасы
мемлекеттік Елтаңбасының авторлары – Ж. Мәлібеков пен Ш. Уәлиханов.