Hosted by uCoz

Шалқыған теңізімен, ақ алтынымен

Әлем таныған Арал!

 

 

 

 JavaScript. Үй беті қылу Үй беті қылу

МӘЗІР

Бүкіл әлем таныған Арал
Аудан тарихы
Арал қаласы паспорты
Арал қаласы мұражайы
Көлік жолдар және байланыс
Тәуелсіздік ту еткен тұлғалар
16 Социолистік еңбек ері
Ақын жазушылар
Барсакелмес
Фотогаллерея
Кері байланыс
 

Қазақстан республикасының ұлттық рәміздері




Негізгі бет

 

 Қазақтың қай жері де тарихтан, киеден кенде емес. Торқалы тойлар қарсаңында қарап отырсақ, Сырдың алтын моншағы, көгілдір айдынды Арал жерінің тарихы мен тағылымы сабақтас көрінеді. Кезінде елдің елдігін, жердің кеңдігін жаудан қорғап, даудан сақтаған батырлар мен шешендердің мекені болған жер. Бүгінгі ұрпақ осынау рухани мол қазынаны зерделеп, саралап қана қоймай, өркениет көшімен ілгері алып келеді.

 Арал бүгін экологиялық аймақтан қуатты экономикалық аймаққа айналуға күш салған аудандардың бірі. Облыстағы индустриялық-инновациялық бірнеше серпінді жобалар жүзеге асырылуымен қатар халықаралық ірі жобалардың тамыр тартып отырғанын да атап өткеніміз жөн.

 Арал ауданының әкімі Нәжмадин Мұсабаевпен сұхбат

 - Нәжмадин Түрікбенұлы, Арал екі бірдей индустриялық-инновациялық жобаны жүзеге асырып жатқан облыстағы бірден-бір аудан. Өнеркәсіпті аудан үшін бұл жобалардың маңызы айтпаса да түсінікті. Бүгінгі таңда жаңа зауыттардың жұмыстары қалай болып жатыр?

 - Ежелден өндірісі қалыптасқан ауданның іргелі саласындағы серпінді жобаларға аралдықтар үлкен үміт артып отыр. «Атамекен» холдинг қаржы өнеркәсіп то­бының қолдауымен өткен жылдың аяғында Арал балық зауыты пайдалануға берілді. Жобаның құны 10 млн. АҚШ долларын құрайды, ол Оңтүстік Корея технология­сымен жабдықталған. Зауыт халықаралық стандарттарға сай, экспортқа өнім шығара алады. Мұнда балықты қақтайтын, ыстайтын, филе және жартылай дайын өнімдер жасайтын цехтар бар. Бұл өнімдер бізде ғана емес, ТМД, Еуропа, Азия елдерінде үлкен сұранысқа ие. Жаңа технология Арал балығын халықаралық рынокқа шығаруға үлкен мүмкіндік береді.

 Кәсіпорын қалыпты жұмыс істеп тұруы үшін жылына 6 мың тоннадан астам балық қажет. Кіші Арал мен көлдер жүйесінен ауланған балықтан бөлек мұхит өнімдерін сатып алуға Ресей кәсіпорындарымен келіссөздер жүргізілуде. Әрине, мұндай үлкен зауытты мол өніммен жабдықтау үшін басқа да тіршілік қажет. Сон­дықтан, болашақта тауарлы балық өсіру, яғни тоған шаруашылығын дамыту жоспарлары бар.

 «Атамекеннің» екінші жобасы - Арал вагон құрастыру зауыты. Қазақстан темір жолы үшін бұл аса маңызды кәсіпорын, мұндай зауыт елімізде саусақпен санар­лықтай ғана. Ұлттық компания қазір тапсырыс мәселесін шешуде, мұнда олардың басшылары да болып кетті. Бірегей зауытта жылына 1000-ға дейін вагон құрастырып, бірнеше жүздеген жұмыс орындарын ашуға болады. Бүгінгі таңда алғашқы тәжірибелік платформалар жасалып, сынақтан өткізілуде.

 Енді балық шаруашылығына қайта оралар болсақ, біздегі «Қамбаш балық» ЖШС жаңа технология негізінде өнім өңдеу жұмыстарын жүргізуде. Ал Қамыстыбас балық питомнигі мемлекеттік тапсырыс бойынша жыл сайын 15 млн. майда шабақтар өсіріп, көлдер мен теңізге жіберіп отыр. Сонымен бірге «Шаркент ата» бірлестігі Арал теңізінде құрып кеткен қаяз балығын өсіруді қолға алды. Бағалы өнімді өсіруге облыстық бюджеттен 7 млн. теңге бөлінген болатын. Көлдер мен теңіз айдындарындағы балық қорын зерттеумен республикалық ғылыми-зерттеу орталығының аудандық бөлімшесі айналысады. Соңғы жылдары теңіз жағалауындағы Қаратерең, Бөген, басқа да іргелі балықшы ауылдарының әлеуметтік жағдайы көтеріліп келеді. Мұның бәрі Елбасының тікелей қамқорлығымен жүзеге асырылып жатқан САРАТС жобасының жемісі екені белгілі. Халықаралық жобаның екінші кезеңінің қолға алынуы аралдықтарға зор сенім ұялатады. Облыс әкімі Болатбек Қуандықов аймақтың үш басым бағытының бірі ретінде балық шаруашылығын дамыту мәселесін ұсынып отыр. Бұл мақсатта саланы өркендетудің нақты шаралары белгіленіп, жүзеге асырылуда.

 Жалпы, еліміздегі үлкен инвестициялық жобалардың біздің ауданымыздың аумағынан өтетіні қуантады. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автокөлік жолы іргелі істерді күтеді. Қазіргі таңда «Кеңқияқ-Құмкөл» мұнай құбырының құрылысы жүріп жатса, алдағы уақытта «Бозой-Самсоновка» газ құбырының салынатыны тұрғындардың әлеуметтік жағдайына елеулі ықпал етеді деп отырмыз. Мұнан әрі «Сексеуіл-Жезқазған» темір жолының жобасы да біздің өңірдің әлеуметтік-экономикалық қуатына жаңа серпін беретініне сенімдіміз.

 - Ауыл шаруашылығы аймағы ретінде салада қандай басымдықтарға көңіл бөліп отырсыздар? Бұл орайда мал тұқымын асылдандыру мен оның өнімдерін өңдеу қай деңгейде?

 -Аймақта төрт түлік малдың басы тұрақты өсіп келеді. Бүгінгі деректерге сүйенсек, 150 мыңға тарта қой, 16 мыңнан астам жылқы және 19 мыңға тарта түйе өсірілуде. Бұл түліктің барлығы дерлік жекенің қолында болғанына қарамастан өңірде саланы дамытуға тұрақты көңіл бөліп келеміз. Мал тұқымын асылдандыру жұмыстары «Құланды» және «Қарақұм» серіктестіктерінде қолға алынып, өнімдерін өңдеу шаралары жүзеге асырылуда. Ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсатуға кәсіпкерлік нысандары белсене араласа бастады. Соның нәтижесінде қымыз, сүт, жүн өңдеу цехтары жұмыс істейді. Жалпы, аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік саласы жыл басынан бері 526 млн. теңгенің өнімін шығарып, жергілікті бюджетке 114 млн. теңге қаржы құйды. Бұл өткен жылдың осы уақытымен салыс­тырғанда, 12,5 пайызға артық.

 - Аудан орталығынан 200 шақырым жердегі Бөген ауылына асфальт жол жетіпті. Бұдан үш-төрт жыл бұрын бұл қиял болып көрінген болар еді. Ауданда «Жол картасы» аясында бірқатар жұмыстар атқарылған секілді.

 - Үкіметтің «Жол картасы» бағдарламасы еліміздің қай түкпірінде болсын үлкен әлеуметтік, инфрақұрылымдық серпін берді. Біздің ауданның жол жөндеу жұмыс­тарындағы үш жобаға республикалық бюджеттен 325 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді. Жоғарыда айтқан «Қамыстыбас-Аманөткел-Бөген» жолының құрылысын аяқтауға 116 млн. теңге қаржы қаралып, асфальт жол шалғайдағы ауылдарға жетті. Бұл күз бен қыста көп қиындық көретін алыстағы тұрғындар үшін үлкен қуаныш болды. Екінші жоба «Жақсықылыш-Тоқабай-Абай» автокөлік жолына бағытталып, оны күрделі жөндеуден өткізуге 180 млн. теңгедей қаржы қаралды. Сонымен бірге Қосжар елді мекенінің кіреберіс жолы орташа жөндеуден өтті.

 Елбасымыздың Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында облыстан ауылдық округтерге - 21 елді мекенге 1 млн. теңгеден, аудан орталығы Арал қаласына 50 млн. теңге қаржы бөлініп, абаттандыру, жол жөндеу, жарықтандыру мен көгалдандыру жұмыстары атқарылуда. Бұл орайда облыс әкімінің тікелей бастамасымен 10 мыңға тарта халқы бар Сексеуіл және Жақсықылыш кентіне әрқайсысына 10 млн. теңгеден қаржы қаралды. Соның көмегімен көптен бері күрделі әлеуметтік проблемалары бар іргелі елді мекендерді көркейтіп, ішкі жолдарын реттеуге қол жетті.

Ауданның мектеп, аурухана және басқа әлеуметтік объектілері бойынша 4 жобаға 105 млн. теңгеден астам қаржы бағытталды. Осы мақсатта №2 кәсіптік лицейдің бу қазандығын жөндеу, жылу жүйелерін толығымен ауыстыру, №2 мектеп-интернаттың жылу жүйелерін толығымен жаңалау жұмыстары атқарылып, аудандық ауру­ханада күрделі жөндеу жұмыстары жүзеге асырылуда. Сонымен бірге 150 адам қайта даярлау курстарынан өтіп, жалпы «Жол картасы» аясында 2 мыңнан астам адам әлеуметтік жұмыс орындарына тартылды.

- Ауданда әлеуметтік нысандар құрылысы кең қанат жаюда екен. Бұл мақсатта қандай мәселелерге басымдық беріліп отыр?

 - Өздеріңізге белгілі, Арал қаласында 1200 орындық жаңа үлгідегі мектеп пайдалануға берілді. Бұл №262 мектеп-гимназия жас ұрпаққа жаңа сипатта сапалы білім береді деп сенім артып отырмыз. Осының нәтижесінде білім ұяларындағы сабақ бір ауысымға көшірілді. Облыстық бюджеттің қаржысына салынып жатқан 120 орындық Шөміш мектебінің құрылысы, Арал қаласындағы 140 орындық балабақша құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сонымен бірге аудан­да 6 елді мекенде мектеп құрылысы басталды.

 Маңызды әлеуметтік нысан ретінде спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысын атап өткен жөн. Спорт кешені республикалық бюджет қаражаты есебінен салынуда. Қазіргі таңда 3250 орындық батыс трибунасының құрылысы аяқталып, инженерлік желі және әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге жабық спорт кешені дайын болды. Спорт нысаны қазіргі заманғы жүгіру алаңдарымен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Бұған дейін ауданда жабық жүзу бассейнін пайдалануға берген болатынбыз. Жергілікті бюджеттен 25 млн. теңгеге жуық қаржы бөлініп, оны Қарағандының «Спартак» құрылыс компаниясы жүргізді.

 Халық денсаулығын сақтауды жақсарту мақсатында бірқатар шаралар қолға алынуда. Облыстық бюджеттен Ескіұра, Үкілісай, Ақеспе, Аққұлақ, Ақшатау елді ме­кендерінде медициналық пункттер салу жұмыстары аяқталып келеді. Емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.

 Биыл Арал қаласында 300 орындық мәдениет үйінің құрылысын салуға жоба-сметалық құжаттар дайындалып, мемлекеттік сараптамаға жолданды. Сонымен бірге жергілікті бюджет қаржысынан Ерімбетжаға елді мекенінде клуб, Аққұлақ елді мекенінде кітапхана ашылып, Күршек ауылындағы кітапханаға ғимарат сатып әперілді. Аудандық мәдениет үйіне музыкалық аспаптар алуға 1,5 млн. теңге қаржы қаралды. Қазіргі таңда аудан мәдениет қызметкерлері түрлі мазмұндағы шараларға ұйтқы болып, халықтың рухани байлығын еселей түсуде. Жалпы, әлеуметтік салада оң өзгерістер мен ілгерілеушіліктер қалыптасып келеді. Биылғы жыл еңбек рыногында жұмыспен қамтылғандар санының тұрақты өсуімен және жұмыссыздық деңгейінің төмендігімен сипатталады.

 - Соңғы жылдары «Таза су» бағдарламасы аясында аудан көлемінде ауызсу мәселесін түбегейлі шешу бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Ауызсу мәселесі шешілмеген ауыл бар ма?

 - Республикалық бюджет есебінен Арал-Сарбұлақ су құбыры және оның тармақтарын мүмкін болатын елді мекендерге қосу жұмыстары жалғастырылуда. Атап айтқанда, аталған топтық су құбырын қайта жаңғырту және жобаның бесінші кезеңіне сәйкес су құбырларын жүргізу жұмыстары атқарылады. Сонымен бірге әлеуметтік маңызы бар Арал-Жақсықылыш су жүйелерін, Сексеуіл кентін сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтау міндеті тұр. Жалпы, Арал қаласының тұрғындары толықтай таза ауызсумен жабдықталды.

 Облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға Ақбасты елді мекенінде барлау-пайдалану ұңғымасын бұрғылау жұмыстары аяқталып, Ресейден жерасты суын тұшытатын қондырғы алынды. Мәскеу қаласынан арнайы келген мамандар оны іске қосып, пайдалануға берді. Сондай-ақ, Шөміш елді мекеніндегі су айдау стансасына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сексеуіл кентінде «Шоқсу» серіктестігі газдалмаған таза ауызсуды 5 литрлік құтымен шығаруды қолға алып, мұнда 16 адам жұмыс жасауда. Жалпы, аудан көлемінің 75 пайызы сапалы ауызсумен қамтамасыз етіліп отыр.

 - Өткен жылы «Тәуелсіздік» алаңы тұрғызылды. Биыл ауданның 80 жылдығына қандай құрылыстар салып жатырсыздар? Инженер-құрылысшы ретінде көп жобалардың авторы өзіңіз деп естиміз.

 - Өздеріңізге мәлім, біз әр жылды белгілі атаумен атап өтіп, халықтың рухани-мәдени дүниесін байыту, тарихи жадын жаңғырту шараларына арнадық. Биыл ауданның құрылғанына 80 жыл толады. Аралды әлем біледі, бірақ теміржол вокзалынан түскен адам «Арал теңізі стансасы» деген жазудан басқа ештеңе көре алмайды. Сонау 60-шы жылдардың аяғында Арал портты қала болып, теңізшілер мен матростар жүрген, көшелер мен ғимараттарынан теңіз айлағының бейнесі есіп тұрған қала болған. Осы тарихты жаңғыртып, өткенді бүгінгі ұрпақ санасында өрнектеу мақсатында теміржол вокзалының алдына биік тұғырға ақ желкенді кемені қондырдық. Ол Ақтаудың ақ мәрмәр тасынан қалануда. Тұғырдың ортасында ұлы теңіздің мәңгі символы - якорь орнатылып, теңізшілер туралы сөздер жазылады. Вокзал алаңына балықшы ескерткіші орнатылады. Бұл тарихы мен тағылымы мол Аралдың бейнесін сомдай түсетін болады.

 Ал облыстың қос мерекесіне орай ауданға бөлінген Қызылордадағы автовокзал алаңын абаттандыру жұмыстары аяқталып қалды. Мұнда балықшы ескерткіші орнатылып, субұрқақтары жасалады. Еліміздегі бірегей Барсакелмес қорығындағы құландардың ескерткіші бой түзейді. Сырдың ажырамас бөлшегі Аралдың рухы осы жерде де сезіліп тұратынына сенеміз.

 - Әңгімеңізге рахмет.

 

ЕСКЕРТКІШТЕР - ЕЛДІҢ РУХЫ

 Ауданда әр жылды белгілі бір атаумен атап өту бағытында жақсы дәстүр қалыптасқан. Бұған дейін Жетес би, Бекмырза хан және қазақтың қайсар ақыны Зейнолла Шүкіров жылдары тойланып, халықтың рухани байлығын еселей түсті. Ал өткен жылы Арал қаласының төрінде Тәуелсіздік монументінің бой көтеруі айтулы оқиға болды. Еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігі жолындағы күрескер ата-бабаларға қойылған ескерткіш асқақ та айбынды көрінеді. Монументтің биіктігі 21 метр, яғни бүгінгі ХХІ ғасырды бейнелейді. Ұшар басында аттылы батырдың мүсіні сомдалған. Төменгі үш тағанда Әйтеке би, Сартай батыр және Нұртуған жыраудың еңселі ескерткіштері кескінделген.

 Атақты би бабамыз бастаған он бір данагөй, Сартай батырды қолдаған он бір ел қорғаны және белгілі шайырды қоштаған он бір дүлдүлдің есімдері тасқа қашалып, тарих парақтарынан мәрмәр тасқа алтын әріптермен түскен. Ескерткіштің бітім-болмысы бөлек. Ол халықтың ұлттық рухын, ел мәртебесін көтеріп қана қоймайды, бүгінгі жас ұрпақты тарих жадын зерделеуге шақырады.

 Аралдың айбынын асырып тұрған асқақ ескерткіш бүгінгі күні халықтың киелі орнына айнала бастады. Мұнда жаңа отау көтерген жас жұбайлар шеруін көптеп көруге болады. Олар ізгілер рухына бас ие отырып, армандар жолынан бақыт тілейтін тәрізді. Бүгінгі күні Тәуелсіздік алаңы көк-жасыл желекке бөленген, әсем гүлдер гүлзарына айналған. Гүлзарда Арал табиғатына тұңғыш рет тамыр байлаған небір әсем гүлдердің түрін көріп, таңырқайсыз. Бізге оны қаладағы бір мектептің жаратылыстану пәнінің мұғалімі өсіргенін айтқанда, шынайы риза болдық. Қазір алаң көпшіліктің еркін демалып, тынығатын орнына айналған.

 Енді Аралды ақ желкенді қала бейнесінде көріп қалатын шығармыз. Қазір қала қақпасы теміржол вокзалының алдында биіктігі 18 метрлік үлкен тұғырда ақ желкенді кеме тұғырланып жатыр. Бұл қаланың сонау бір кезде теңізшілер айлағы болғанын бейнелеп қана қоймайды, оның тіршілігі қайнаған Аралдың кіндігі болғанын дәріптейтін тарихи жады десе болады. Сол кезден қалған атаулар мен көшелер әлі күнге тереңнен сыр шертіп, сөйлеп тұр.

 Құрылысы аяқталуға жақын спорттық-сауықтыру кешеніне атақты қолбасшы Жалаңтөс баһадүрдің есімі беріліп, ескерткіші де бой көтермек. Мұның бәрі ұлттық рухты дәріптеп, жас ұрпақ бойына туған жерге мақтаныш сезімін ұялататын еңселі ескерткіштер екен. Арал төрінде бастау алған әдемі үрдіс, тәлімді іс көпшіліктің көңілінен шығуда.

 

«АРАЛТҰЗДЫҢ» АҚ АЛТЫНЫ

 «Аралтұз» акционерлік қоғамы - өтпелі экономиканың алғашқы кезеңінде құрылымын өзгерткен нарық қарлығаштарының бірі. Елімізде ас тұзының 70 пайызына жуығын өндірген комбинат қазір де осы биікті ұстап тұруға, отандық тұтынушыларға сапалы өнім жеткізуге жұмылған. Соңғы жылдары кәсіпорында өндіріске жаңа технологиялар енгізіліп, байыту фабрикасы іске қосылып, цехтарға заманауи жабдықтар мен қондырғылар орнатылуда.

 Жақсықылыш кенті тұрғындарының барша тіршілігі осы өндіріспен сабақтас. Қоғам басшылығы дағдарыс кезеңінде жұмысшыларға түсер әлеуметтік зардаптарды жеңілдетуге, жұмыс орындарын сақтауға көңіл бөліп отыр. Іргелі кәсіпорында көптен бері қолға алынбаған тұз қазу жұмыстары қайта жанданды. Соның нәтижесінде «ақ алтын» таулары биіктей түсті. Өнім өңдеу жұмыстарының сапасы артып келеді. Ас тұзының сан алуан ассортиментіне көңіл бөлініп, оны сатып алушыға қолайлы болу жағдайы қарастырылуда. Осы мақсатта 250 грамнан бастап түрлі салмақтағы қалталанған және қапталған ас тұзы шығарылады. Қазіргі сауда орындарына әсем безендірілген қораптағы өнімдер де жеткізіле бастады.

 Қазіргі бәсекелестік артып тұрған кезде тұтыну рыногында өнім тарату оңай шаруа емес. Соңғы кездері шетелдік сапалы өнімдер де, арзанқол тұздар да сауда орындарын жаулап ала бастады. Әсіресе, Ресей, Украина елдерінің бағасы төмен өнімдері біздің тұтынушыларға көптеп жетіп отыр. Олардың озық технологиясы мен шағын зауыттары арзан өнім шығарып, оны қолайлы бағада сыртқа шығарып сатуға мүмкіндік береді. Соған қарамастан, «Аралтұздың» жоғары сапалы өнімі тұтынушылар арасында өзінің үлкен сұранысқа ие екенін көрсетуде. Отандық өнімге үкімет тарапынан да жыл санап қолдау артып келеді.

 Кеншілер поселкесінің әлеуметтік жағдайы нығая түсті. Облыстық бюджеттен бөлінген 10 млн. теңге қаржыға кенттің бірнеше көшесі жөнделіп, орталық көркейіп, абаттандырылды. Әлеуметтік нысандардың базасы күшейіп, өткен жылдары жаңа аурухана мен мектеп үйлері пайдалануға берілді. Аудан экономикасының көшбасшысы саналатын іргелі кәсіпорын аймақтың дамуына өзіндік үлесін қоса береді.

  

ҚҰЛАНДЫНЫҢ ҚЫМЫРАНЫ 

Жанға - шипа, дертке - дауа шұбаттың пайдасы жөнінде сөз қозғау артық болар. Соңғы жылдары біздің аймақта да бағалы өнімді қазіргі заманғы технологиямен тұтынушыларға жеткізу жұмыстары қолға алынып келеді.

 Теңіз қойнауындағы «Құланды» ЖШС құтты қоныста төрт түлікті түлеткен байырғы шаруашылықтың бірі. Кешегі өтпелі кезеңнен аман қалып, түлік төресін түлетіп отыр. Серіктестіктің құрылтайшылығымен өткен жылы «Қалует» шұбат өндіру зауыты іске қосылды. Шағын зауытқа шаруашылық 30 млн. теңге көлемінде несие алып, жұмысын жолға қойған болатын. Мұнда Израильден әкелінген шетелдік жаңа технологиялық қондырғылар орнатылған. Нәтижесінде 1-1,5 литрлік құтыларға құйылған шұбат өнімдері шығарылуда. Бағалы өнімді алты айға дейін сақтауға болады, сапасын еш жоғалтпайды. Зауыт бір ауысымда 500 литрге дейін қымыран өндіре алады. Серіктестік сүтті қожалықтар мен шаруашылықтардан, жеке тұрғындардан жинап, сапалы өңдейді. Жағалаудағы Ақеспе, Ақбасты, Қосаман елді мекендерінің тұрғындары сүт тапсыруға ықыласты. Өнімдер Қызылорда, Ақтөбе қалаларындағы тұтынушыларға, сауда орындарына жеткізіледі. Дегенмен, өнім тарату проблемасы игілікті іске қолбайлау болуда. Сондықтан серіктестік басшылары ауруханалар мен интернаттарға бағалы сусынды жеткізуге, техникамен көмектесуге қолдау көрсетуді өтінді.

 Құландының қымыранының дәмі бөлек. Теңіз қойнауының ашқылтым да шүйгінді шөбі шұбаттың дәмін шығарады. Түрлі науқастарға таптырмайтын шипалы сусындар тұтынушыға жете алмай отыр. Ал бізде қымыранға зәру емдеу мен демалыс орындары қаншама.

 «Құланды» серіктестігінің келешекте осындай технологиямен қымыз өндіруді де қолға алмақ ойлары бар екен. Қазір табындарда желіге құлын байлап, бие сауу жұмыстары жанданып келеді. Түліктің бағалы өнімдерін баптап, барды бағалап отырған шалғайдағы малшы ауылдың көкейкесті мәселелері көлеңкеде қалмай, қолдау тапса керек.

 

Аудан тарихынан

 1901-1905 жылдары Орынбор - Ташкент темір жолы Арал теңізі станциясы үстінен өтті. Ал Алтықұдық елді мекені Арал теңізі станциясы болып аталды.

 1909 жылы - Арал кеме жөндеу зауытының іргетасы қаланды.

 1917 жылы - Арал ауданы Қазан төңкерісіне дейін Қазалы уезі қарамағында болды.

 1923 жылы - Қазалы уезі кеңесінің шешімімен Арал поселкесінде атқарушы комитет құрылды.

 1925 жылы - «Сольтрест» құрылды.

 1929 жылы - Арал ауданы құрылды.

 1930 жылы - Балық шаруашылығы саласы құрылып, Арал ауданында балық шаруашылығымен айналысатын 25 колхоз, 15 зауыт, 75 балық қабылдау пункттері жұмыс істеді. Балықшы қауымы жылына 450-500 мың тонна балық аулаған болатын. 

1940 жылы - Арал теңізі екіге бөлінді. Сонымен қатар, 12 шаруашылық құрылысы да бөлініп, ал 4 зауыт Қарақалпақ АССР еншісіне берілді.

 1941-1945 жылдары - Ұлы Отан соғысына қатысқан 8847 аралдық, оның ішінде 45 азаматша елді жаудан азат етті.

 1949-1950 жылдары - Балық өнеркәсібінде 8 мың балықшы жұмыс істеді.

 1950-1960 жылдары - Балық және мал шаруашылығын дамытуға айрықша үлес қосқан 16 аралдық Социалистік Еңбек Ері атағын иемденді.

 1957 жылы - бүкіл ұжымшар кеңшар болып қайта құрылды. Арал ауданында «Приарал», «Арал», «Қарақұм», «Жіңішкеқұм» совхоздарымен бірге «Құланды» жылқы зауыты жұмыс істеді.
 

 

Есептеуіш


Арал қаласы

Ауа райы

GISMETEO: Погода по г.Аральск

 

 Kazakh variant of an informal site of a city was designed by Tuleshov Ayan. Copyright © All right reserved 2009-2010